^Негізгі бетке көшу

  • 1 Қобда тарих пен тағылым мекені
    Қобда жері – тарих бетінің терең иірімдерінен ғажап сыр шертер шежірелі өңір.
  • 2 Кітап - жан азығы
    Кітап - өмір ұстазы. Сондықтан жастар кітап оқуды күнделікті әдет қылуы тиіс. Кітап оқымай өмірді білу, білім алу мүмкін емес.
  • 3 Нұрсұлтан Назарбаев
    «Табиғаттану – туған мекеніңді танып – білуден басталады».
  • 4 Н. Ә. Назарбаев
    «Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, жаны, ақыл-ойы, парасаты. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп, тек өзінің ұлттық төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады.»
  • 5 Мұхтар Әуезов
    Әрбір адамның ең жақын досы, өмірлік досы кітап болуы тиіс.

  
  

Кобыланды

Қобыланды батыр мемориалдық кешені. Қобыланды батырға арналған мемориалдық кешен 2007 жылы 8 қыркүйек күні ашылды. Мемориалдық кешен орнатылған жерде ежелден Қобыланды батырдың моласы болған.Батырға арнап заманында кесене тұрғызылған. Алайда ол ғимарат біздің заманымызға жетпеген. Қобыланды батырдың осы жерде жерленгендігі туралы халық жадында бірнеше ғасырдан бері сақталып келе жатқан мәліметтер бар. Алайда қағаз бетінде нақты деректер жоқ. Ол туралы 1906 жылы Қобда - Елек бойын зерттеу кезінде орыс ғалымы В.В. Карлсон өзінің Орынбор басшылығына жазып кеткен есебінде былай деген: « Илецкая Защита қорғанынан Ойыл бағытында жолда 40 шақырымдай жерде, Қобда өзеніне Ешкіқарған өзені құяр тұста Қобыланды батырдың мазары бар екен. Бірақ ол құлап қалыпты, орнында үйінділер ғана қалған» деп жазып кетіпті.

Осы жерде кейін жергілікті халық қоныс теуіп, батыр жатқан жерді кәбірстанға айналдырған. 1960 – 70 жылдары батыр мазарының орнындағы үйінді адамның тізесінен келетіндей болған.
Алғаш археологиялық зерттеу жүргізу мақсатында ғалымдар Ноэль Шаяхметовпен Сайым Балмұханов 1969 жылы келіп, Қобыланды батырдың сүйектерін қазып зерттеу үшін алып кеткен. Белгісіз себептермен олар кейін қайтарылмаған.

Кейінгі жылдары бұл жерге еліміздің орта ғасыр тарихын жетік білетін халық жазушысы Әбіш Кекілбаев бірнеше рет келіп кеткен. Олардан кейін 1996 жылы Қазақстан Республикасының премьер- Министірінің орынбасары қызметінде жүрген Иманғали Тасмағанбетов келіп көріп кеткен. Оларға сол кездегі Жиренқопа ауылындағы акционерлік қоғам басшысы Тұрсынғали Латыф ұлы Накеш Қобыланды батыр жатқан жерді көрсетіп, оның асыл сүйегін кейін қайтару туралы жергілікті халықтың өтініш тілегін жеткізген. Бұл туралы И.Тасмағанбетов оған бұл орынды қоршап, бір белгі қойыңдар.Кейін бұл мәселеге оралармыз деп азын-аулақ қаржы беріп Т.Накешке тапсырып кеткен. Содан бейіт айналасы шынжырмен қоршалтып, Ешкіқырған бойынан әдейі екі үлкен тас алдырып, бірін тұрғызып, бірін жатқызып қабір орнына орнатқан.

Кейін Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында облыс басшылығына жаңадан келген Әкім Е.Сағындықовтың бастауы және ұйымдастыруымен 2004 жылдан бастап, Қобыланды батыр жатқан жер ғылыми тұрғыдан зерттеуге алынды. Осы бағытта 2004- 2005 жылдары жүргізілген археологялық жұмыстар кезінде үлкен кесене тұрғызылғаны анықталды. Оның ені 8 м 90 см ұзыны 11 м 60 см болған екен. Жарының қалыңдығы 1 метрге жуық болған. Мазардың төрт бұрышы анықталып шықты. Алайда олардан тек 1-2 қатар кірпіш қалған, жарлардың орнында бір қатар, олар да толық сақталмаған, тек Батыс бұрышында 5-6 қатар қаланған, кірпіш қалдықтары шыққан. Табылған кірпіштер ғалымдардың тұжырымдауы бойынша XIV- XV ғасырға жатады. Сонымен қатар археологиялық жұмыстар кезінде Қобыланды батырдың қалған сүйектері шыққан. Қазба кезінде батырдың зияратына кесене тұрғызғаннан кейін тағы екі адам жерленгені анықталып, олардың сүйектері және т.б. артефактілер табылған. Осы мезгілде Қобыланды батырдың моласын қазған ғалым Н.Шаяхметовпен байланысып, оның алып кеткен сүйектерін қайта зерттеп, бұл сүйектер Қобыланды батырдың сүйегі екенін академик Оразақ Ысмағұлов пен Айнагүл Ысмағұлова нақты дәлелдеп шықты. Содан соң, 2006 жылы 26 тамыз күні Қобыланды батырдың сүйектері өзінің орнына әкелініп қайта жерленді.

Ақтөбе облысының әкімі Е.Сағындықовтың ұйымдастырумен 2007 жылы батырға арнайы кесене тұрғызылып, кешен ашылды. Оның сәулетшісі Бек Ибраев болды. Кешенді салған «Интер Стиль» ЖШС құрылыс кәсіпорны болды. Кешеннің құрамына Қобыланды батырға арналған мазар (пішіні батырдың дулығасы сияқты, оның биіктігі айшығына дейін қосып есептегенде- 16м 89см, диаметрі 16 метр), пішіні садақ сияқты ғимарат (онда батырға арналған «Данқ» бөлмесі және қосымша қызмет бөлмелері орналасқан) және бірнеше белгі тастар кірді. (Олар 1996 жылы орнатылған табиғи 2 тас, 2006 жылы қайта жерленгенде қойылған арнайы белгі тас және Қобыланды батыр табынған, сиынған қасиетті деп есептеген меңгір тас – «Қайрақ тас»).

 

Мемориалдық кешенді тұрғызуға мемлекеттен 250 млн. теңгедей қаржы бөлінді. Одан тыс Қобда –Жиренқопа тас жолы қайта жасалды,Жиренқопа ауылының ішкі көшелері асфальтталды. Олардың бойына 40 электр жарық шамдары орнатылды. Ауылда телефон желісі қайта жасалды. Оған қоса Kcell ұялы байланыс жүйесі іске қосылды. Жаңа медициналық амбулатория салынып, жұмыс істеп жатыр.

Халыққа тұрақты қызмет көрсетіп тұруы үшін арнайы мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорын ашып: Оны «Қобыланды мемориалдық кешені» деп атады. Онда 10 адам жұмыс істейді. Олардың 7-уі кешенді күтушілер, үшеуі-келушілерге қызмет көрсетумен айналысады.

Қобыланды батыр Алтын Орда, Ноғай Орда заманының тарихи тұлғасы

     

Фариза Оңғарсынова блогы - 3 место

 

 

 

Iздеу